Корей кеспесі құрамынан жоғары деңгейдегі ГТА анықталды
09.11.2022

Өнім қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Алматы қаласы бойынша филиалында азық-түлік өнімдерінің 6 сынамасы зерттелді. Таңдалған өнімдер антибиотиктерге, гормондарға, ДНҚ-ға, ГТА-ға және микробиологиялық көрсеткіштерге тексерілді.

Зерттеу барысында «Samyang RAMEN» тез дайындалатын кеспесінен гендік түрлендірілген ағза мөлшерінің 3,5 %-ке деиін шамадан тыс асып кетуі анықталды (рұқсат етілген нормасы 0,9%-тен аспауы қажет).

Алматы қаласындағы ҰСО-ның филиалында 10 ай ішінде 17 дайын кеспе сынамасы зерттелді, оның ішінде екі сынама ГТО көрсеткіштері бойынша оң нәтиже берді.

Алынған зерттеу нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді.